Бүгін жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқовтың 85 жылдық мерейтойы өтті. Салтанатты шара аясында "Әмин Тұяқов" кітабының тұсауы кесілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев дара жолы бар даңқты спортшы Әмин Тұяқовты 85 жасымен құттықтап, амандық тіледі. Одан бөлек кітаптың авторы Жұмабай Ізтөреұлы оқырман қауымға туындының ерекшелігін түсіндірді.
"Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен кітапты қалың оқырманға ұсынып отырмыз. Бұған дейін жазылған "Дүниені дүбірлеткен дарабоз" кітабында Әмин ағамыздың әр жылдағы спорттық көрсеткіштері жазылған еді. Ал бұл кітаптың ерекшелігі ретінде Әмин ағаның үлкен спорттан кейінгі тіршілігі, елге айтылмаған сырлары топтастырылған. Сонымен қатар республикаға белгілі азаматтар, соның ішінде Әбіш Кекілбаевпен сыйластығы сөз болады", - дейді кітап авторы Жұмабай Құлиев.
Автордың айтуынша, кітап 500 тиражбен шықты. Оның 200-ге жуығы Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханаға беріледі.
Мерейтойда сөз алған Әмин Тұяқов туған жердің құрмет, қошеметіне бөленіп жатқанына ризашылығын білдірді. Кітапты шығаруға атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.
"Маңғыстау облысында көптеген қиындық барын білемін. Ол қиындықтың бәрі не себептен шығатынына осы кітап арқылы жауап беруге тырыстым. Одан бөлек көпті толғандырған сауалдар мен қоғамдық мәселелерге ой жүгірттім. Менің шындығым - осы кітапта", - деді Әмин Тұяқов.
Сондай-ақ ол өз сөзінде жастарға сенім артатынын, ел мен жердің тірегі жастар екенін тілге тиек етті.
Кеш соңында облыс әкімі Әмин Елемесұлына, жұбайы Алма Досынбаеваға және кітап авторы Жұмабай Ізтөреұлына құрмет көрсетіп, маңғыстаулықтардың атынан шапан жапты. Шара мерекелік бағдарламаға ұласты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА